Сағат
651 subscribers
321 photos
138 videos
18 files
87 links
Өмірім халқымдікі, өлімім ғана өзімдікі.

(Әйтеке би)
Download Telegram
🌙 Қасиетті Рамазанға 2️⃣5️⃣ күн қалды

Сұрақ: Күн батпай жатып ертеңгі оразаға ниет етсе, дұрыс бола ма?
Жауап: Күн батпай жатып келесі күні ораза ұстауға ниет етсе, оразасы дұрыс болмайды. Тіпті күн батпай жатып есінен талып қалып, келесі күні бесіннің уақытына дейін жалғасса немесе осы аралықта ұйықтап қалса, ол күні ораза ұстаған болып саналмайды. Ал күн батқаннан кейін ниет етсе, оразасы дұрыс болады [1].

[1] «Әл-Фәтәуә әт-Татархания», 2/97-98.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 2️⃣3️⃣ күн қалды

Сұрақ: Егде жастағы адамға және созылмалы дерті бар кісіге ораза ұстамауға бола ма?

Жауап: Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі . Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді ораза кәффаратындағыдай тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады.

📖 Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген: «Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек» («Бақара» сүресі, 184-аят).

Ибн Аббас бұны ораза ұстауға шамасы келмейтін үлкен жастағы қария кісі мен қартайған әйел деп түсіндірген. Підия – (орта есеппен) бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Підияны пітір садақа мөлшерімен есептеуге де болады. Підияны рамазан айының басында немесе соңында беруге болады.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 2️⃣2️⃣ күн қалды

Жалпы аллерголог мамандар аллергияның көптеген түрлері барын айтады. Емделу тәсілдерінің кейбірі оразаны бұзатын табиғи саналатын ауыз, мұрын, тік ішек сынды жолдар. Бұл жолдар арқылы ішке жеткен нәрселер оразаны бұзады. Сондықтан аллергиясы бар адамдар ескеруі тиіс жайттар бар.

🌐 Толығырақ осы сілтемеде.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 2️⃣1️⃣күн қалды

😷 Ауру – ораза ұстамауға рұқсат ететін үзірлердің бірі. Имам Нәсәфи «Кәнзу әд-Дақайқ» кітабында: «Аурудың асқынуынан қорықса, аузын ашуға рұсат» , – деген. Бірақ бұл ауруларды екіге бөліп қараймыз:

1️⃣ Жазылатын ауру. Мұндай жағдайда ауызды ашуға болады. Кейін ауруынан айыққан соң қазасын өтейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Ал кім науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын», – деген.

2️⃣ Оразаға шамасы жетпейтін, созылмалы (хроникалық) ауру. Бұл жағдайда ораза ұстамай әр күніне підия береді. Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында: «Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар мен созылмалы дертке шалдыққандар) підия ретінде бір жарлының тамағын беруі керек», – деген.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 2️⃣0️⃣ күн қалды

Балиғат жасына жетпеген жас бала мен ақыл-есінен ауысқан адамға ораза тұту парыз емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Үш адамнан (амал дәптерін жазатын) қалам көтерілді: айыққанға дейін жынданған адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан» [1]. Алайда балаларды құлшылыққа баулу мақсатында ораза ұстатқызу – мұстахап.

📚 Хадисте: «Біз балаларымызға ораза ұстатқызып, оларға жүннен ойыншық жасап қоятынбыз. Егер біреуі тамақ сұрап жыласа, ауызашар уақыты келгенше (ермек қылып отырсын деп) сол ойыншықты беретінбіз» [2] делінеді.

[1] Термизи, №1423. Нәсәи, №7346. Ахмад, №956.
[2] Бұхари, №1960. Муслим, №1136.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 1️⃣9️⃣ күн қалды

Сұрақ: Рамазан айында жолаушыға ораза тұтпауына бола ма?

Жауап: Алыс жолға шыққан (шамамен 90 шақырым) жолаушыға рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат етіледі [1]. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін» [2].

Егер жолаушы сәресін ішіп, таң атқаннан кейін жолға шықса, онда сол күннің оразасын бұзуға болмайды. Өйткені ол оразасын тұрғылықты кезінде бастап қойған. Оны өз еркімен бұза алмайды. Егер жолға шықпай жатып аузын ашса, оразаның қазасымен қоса кәффаратын өтейді. Ал сапарда аузын ашып қойған жағдайда тек оразаның қазасын өтейді [3]. Сол үшін ораза ұстауға әрекетін жасамай таң атпай жатып жолға шығу керек.

[1] «Фәтху әл-қадир», 2/356.
[2] «Бақара» сүресі, 184-аят.
[3] Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/437.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 1️⃣8️⃣ күн қалды ☺️

Сұрақ: Жолаушы сапардан оралған күні не істеуге міндетті?

Жауап: Жолаушы өзінің тұрғылықты тұратын жеріне оралғанда немесе бір қалада 15 күн тұрақтануды ниет етсе, ораза ұстауға міндетті.

Егер жолаушы сапардан үйіне күннің жартысынан бұрын (яғни бесіннен шамамен бір немесе бір жарым сағат аралықта) қайтып, оразаға (еш нәрсе жемеген болса) ниет етсе, оразасы дұрыс болады. Ал бесіннен кейінгі уақыт аралығында келсе, онда адамдардың айыптауынан аулақ болу үшін күн батқанша еш нәрсе жемейді. Себебі айып тағылатын нәрседен аулақ болу, сақтану – уәжіп [1]. Рамазан айынан кейін сол күннің қазасын өтейді.

[1] «Әл-Ихтияр», 1/421.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 1️⃣6️⃣ күн қалды

Сұрақ: Ауыр жұмыс істейтін адамның ораза ұстамауына бола ма?

Жауап: Аузы берік адам (ауыр жұмыс істеу арқылы) қатты шөл мен аштыққа шалдығып, сол үшін өмірінен не есінен айырылатындай жағдайға душар болса, онда оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Кейін бұл күннің қазасын ғана өтейді. Тек өзін әлсіретуге өзі себепші болып, тіпті ауыз ашуға дейін алып барса, әрі бұған ешқандай зәрулік жағдай түрткі болмаса ғана кәффаратын өтейді. Сондықтан наубайшы, егінші секілді ауыр жұмыс істейтіндер оразасын аяғына дейін ұстауға кедергі келтіретіндей тым көп жұмыс істемеу керек. Рамазан күндерінде күздізгі жұмысын қысқартуы немесе түнгі уақытқа ауыстыруы қажет.

Дегенмен рамазан айында ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болған адамдар таң атқаннан аузын аша бермейді. Сәресін ішіп, аузын бекітеді. Мүмкін Алла оған оразасын соңына дейін тұтуға көмек берер.

🌐 Толығырақ осы сілтемеден оқи аласыз.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 1️⃣4️⃣ күн қалды

Сұрақ: Оразаға түнде ниет етпесе немесе үш күн кешігіп оразаны ұстаса, кәффарат өтей ме?

Жауап: Рамазан айында екенін біле тұра, оразаға ниет етпей таңды атырып бесінге бір сағат қалғанша ниет етпесе, оразасы дұрыс болмайды. Шейх Шәмсу әл-Әиммә әл-Хәлуани имам Абу Жағфардан осы риуаятты жеткізген. Әл-Һидаяда: «Рамазанның барлық күнінде оразаға ниет етпесе, оразасы дұрыс болмайды» делінген [1].
Егер осыдан кейін әдейі тамақ жеп қойса немесе төсек қатынасына түссе, кәффарат міндеттелмейді. Өйткені оразаның дұрыс болуы үшін ниет болуы шарт. Ниетсіз құлшылығы дұрыс болмайды.

🌐 Толығырақ осы сілтемеден оқи аласыз.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 1️⃣2️⃣ күн қалды

Сұрақ: Ораза уақытында темекі шексе, ораза бұзыла ма?

Жауап: Ораза кезде мейлі жәй түтін болса да әдейілеп жұтса оразаны бұзады. Сол себепті аузы берік адам темекі тартса, оразасы бұзылады. Өйткені темекінің түтінінде никотин мен деготь және екеуінен бөлек заттар бар. Бұлардың бәрі пішіні бар тозаңдай заттар. Сақтану керек болған нәрсені ішке тарту ораза шарттарын бұзады.
Ибн Абидин Радду әл-мухтар кітабында: «Қандай жолмен болмасын, тамағына түтін кіргізетін болса, тіпті хош иісті түтіндетіп, өзіне жақындатып ораза екенін біле тұра жұтатын болса, оразасы бұзылады» [1], – деген.

Имам әш-Шурунбулали: «Темекі тарту, еш күмәнсіз, оразаны бұзады. Нәпсісін басып пайда беріп жатса, ол адамға кәффарат уәжіп болады» [2], – деген.

[1] «Хашия Ибн Абидин», 3/367.
[2] «Марақи әл-фалах», 254-бет.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 1️⃣1️⃣ күн қалды

Сұрақ: Ингалятор қолдану оразаны бұза ма?

Жауап: Ауыз, мұрын, құлақ арқылы ішке барған нәрселер оразаны бұзады. Ингалятор секілді аппараттармен шашқан дәрі ішке кеткендіктен ораза бұзылады. Мұндай аппаратсыз жүре алмайтын кісілер ораза ұстамайды. Егер дәрігерлер бұл науқастың аурудан жазылмайтынын айтса, онда ол оразаның әр күніне підия беріп отырады. Ал, ауруынан сауығатын болса, қазасын өтейді.

📚 Ибн Абидин «Радду әл-мухтар» кітабында: «Егер қандай жолмен болмасын тамағына түтін кіргізетін болса, тіпті хош иісті түтіндетіп, өзіне жақындатып және ораза екенін біле тұра хош иіс түтінін жұтатын болса оразасы бұзылады» [1], – деген.

[1] «Хашия Ибн Абидин», 3/367.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 🔟 күн қалды

Сұрақ: Ораза кезінде құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұза ма?

Жауап: Шариғатта табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе оразаны бұзады. Құлаққа дәрі тамызу оразаны бұзады. Себебі құлақ бен тамақтың арасында байланыс болғандықтан, дәрінің тамаққа өту қаупі бар.

Ибн Абидин: «Құлаққа жуынып жатқанда су кірсе, оразаны бұзбайды. Ал дәрі тамызса, ораза бұзылады» [1], – деген. Мұрынға дәрі тамызуға келсек, мұрын мен тамақтың арасында байланыс болғандықтан дәрінің ішке кету қаупі көбірек. Ибн Абидин: «Егер клизма қабылдап немесе мұрнына дәрі тамызса, оразасы бұзылып, тек қазасы өтеледі. Ал егер дәрі мұрынның ішінде қалып, ішке өтпесе оразаны бұзбайды. Өйткені оразаны бұзатын нәрсе дәрінің ішке жетуі» [2], – деген.

🌐 Толығырақ осы сілтемеден оқи аласыз.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 6️⃣ күн қалды

Сұрақ: Рамазан айында ораза кезінде тағамның дәмін татудың үкімі қандай?

Жауап: Ораза кезінде тамақтың дәмін татудың оқасы жоқ. Бірақ ішке кетіп қалмауын қадағалауы тиіс. Ибн Аббас (Алла ол кісіге разы болсын): «Тамақтың дәмін татып көрудің оқасы жоқ» [1], – деген.

📚 «Әл-Муфассал» кітабында: «Еш себепсіз тамақтың дәмін татып көру – мәкруһ. Ал егер күйеуінің мінезі нашар болса, тамақтың дәмін татуы макруһ болмайды. Тілінің ұшымен тамақтың дәмін көріп, қайта сыртқа шығарып тастауы керек» [2] деп айтылады.

[1] әл-Бәйһақи, «Әс-Сунан әл-Кубро», 4/261. №8057.
[2] «Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 1/277.

#СағындырғанРамазан
🌙 Рамазанға 5️⃣ күн қалды

Сұрақ: Ораза ұстаған адам үшін қан тапсырудың және анализ үшін қан алдырудың үкімі қандай?

Жауап: Донорлық мақсатта және талдау (анализ) үшін немесе ауру себебінен қан алдыру оразаны бұзбайды. Себебі Ибн Аббас (Алла ол кісіге разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза бола тұра хижәмә жасатқан еді» [1], – деген. Келесі хадисте:

«Үш нәрсе оразаны бұзбайды: еріксіз құсу, хижама жасату, ихтиләм болып қалу» [2]делінген. Дегенмен аузы берік адам қан алдырғанда әлсіреп, ораза тұтуы қиындап кететініне көзі жететін болса, оған қан алдыру – «мәкрүһ».

📚 «Әл-Фәтауа әт-Татархания» кітабында: «Егер қан алдырумен әлсіреп қалуынан қорықпаса, ораза кезінде қан алдырудың оқасы жоқ. Ал әлсіреп қалуынан қорықса, ораза кезінде қан алдыру мәкруһ болады» [3] делінген.

[1] Бұхари, №1938.
[2] Термизи, №719.
[3] «Әл-Фәтауа әт-Татархания», 2/112.

#СағындырғанРамазан